Қоғам назарына!

NURORDA» мектеп-лицейінің ресми мәлімдемесі

Құрметті ата-аналар, оқушылар және қоғам өкілдері! Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Альбина Атеннің жазбалары тарап, онда «NURORDA» мектеп-лицейінде буллинг орын алды, әрі мектеп әкімшілігі тиісті шара қолданбады деген пікірлер айтылуда. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ол біздің мектептің беделіне нұқсан келтіріп, ұстаздар қауымына деген сенімге сызат түсіріп, қоғамда орынсыз алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған байланысты мына жайттарды ресми түрде хабарлаймыз:

Оқиға барысы:

  • 2025 жылғы 12 қыркүйек жұма күні кешкі сағат 19:00 шамасында Альбина Атен сынып жетекшісіне хабарласып, баласының (11 жаста) құлағына сыныптасының (10 жаста) бірнеше рет кекіргенін айтады. Сынып жетекшісі Альбина Атеннің ескертуін бақылауға алатынын, оқушының ата-анасына хабарласатынын және мектеп әкімшілігіне болған жағдайды жеткізетінін айтады. Сынып жетекшіcі Альбина Атен қоңырау шалғаннан кейін бірден шағым түскен оқушының ата-анасына, мектеп әкімшілігіне хабарласады. Мектеп әкімшілігі оқиғаның демалыс күндеріне тұспа - тұс келгенін ескеріп, дүйсенбі күні мәселені қарастыратындығын жеткізеді.
  • 15 қыркүйек, дүйсенбі күні оқушылар таңертең таңғы асқа жиналып жатқан уақытта Альбина Атен мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшісін күтпестен, күзет қызметкерлерінің ескертулерін елемей, оқушылар жаққа өтіп, эмоцияға ерік беріп, өзі шағымданған баланың жағасынан ұстап, жұлқылап, құлағына қатты дауыстаған. Оқушы ересек адамның жағымсыз әрекетінен қорғанғанына қарамастан, Альбина Атен соңынан қалмай физикалық және психологиялық қысым көрсеткен. Альбина Атеннің оқушыны жәбірлегендігі жайлы бейнежазба мектеп дәлізінде тұрған камерада сақтаулы және құқық қорғау органдарының сұранысы бойынша оларға да табысталды.

Мектеп атқарған шаралар:

  • 15 қыркүйек күні сынып жетекшісінің сұранысы бойынша мектеп психологі оқиғаның мән-жайын және оқушылардың эмоционалдық жағдайларын анықтау мақсатында екі оқушымен жеке-жеке кездесіп, психологиялық қолдау көрсетті.
  • Мектеп психологі және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектордың қорытындысы бойынша екі оқушының арасында болған жағдайды буллинг элементтері анықталмады. Бұл жағдай «жағымсыз қылық» ретінде бағаланды.
  • 15 қыркүйек күні мектеп әкімшілігі екі тараптың ата-аналарымен сөйлесіп, татуластыру шараларын ұйымдастырды. Дегенмен олар бітімге келмеді. Нәтижесінде екі тараптың ата-аналары өз еріктерімен құқық қорғау органдарына жүгінетіндігі туралы шешім қабылдады. Соған қарамастан мектеп әкімшілігі бірнеше рет екі жақты бітімге келтіру жұмыстарын жүргізді.
  • Өз баласын мектептен шығару туралы шешімді Альбина Атен және жұбайы өз еркімен қабылдап, ресми түрде өтініш жазды.

Екінші тараптың ұстанымы:

  • Екінші тараптың ата-аналары Альбина Атеннің әрекетіне наразы. Бала Альбина Атеннің тарапынан көрген психологиялық жәбірден ауырып қалғандығына шағымдануда және мәселені құқықтық алаңда жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.

Мектептің ұстанымы: «NURORDA» мектеп-лицейі қауіпсіздік, құрмет және ашықтық қағидаттарын берік ұстанады. Біз буллингке мүлдем жол бермейміз және әрбір оқушының ар-намысын, қадір-қасиетін қорғауды басты міндет деп санаймыз. Алайда болған жағдайға байланысты Альбина Атен фактілерді бұрмалап отырғанын атап өтеміз. Осыған орай мектеп өз абыройы мен беделін қорғау мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға жүгіну құқығын өзінде қалдырады. Құрметті ата-аналар мен қоғам өкілдері, сіздерді тек шынайы ақпаратқа сүйенуге және жалған деректерге ермеуге шақырамыз. Әлеуметтік желі арқылы «NURORDA» мектеп-лицейіне қатысты дәйексіз, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқандар бойынша заңды түрде құқық қорғау органдарына жүгінетінімізді мәлімдейміз! «NURORDA» мектеп-лицейі алдағы уақытта да оқушылардың мүддесін басты орынға қойып, құрмет, ашықтық және жауапкершілік құндылықтарына сүйене отырып жұмысын жалғастыра береді.

Мектебімізге қолдау білдіріп жатқан ата-аналарға, мұғалімдерге, оқушылар мен түлектерге алғысымызды білдіреміз.

Құрметпен, «NURORDA» мектеп-лицейінің әкімшілігі